Қазақтың ғажайып қаламгері, классик, жазушы, Қазақстанның Халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Қабдеш Жұмаділов ағамыз 85 жасқа қараған шағында өмірден өтіпті.

1956 жылы Қытай үкіметінің жолдамасымен Алматыға келіп, Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түсті. Алайда университеттің екінші курсынан кейін екі ел арасындағы саяси жағдайға байланысты кері шақырылып, 1958–1962 жылдар аралығында Қытайда қуғын-сүргінге ұшырады. 1962 жылы империя шекарасын бұзып өткен қазақ көшімен бірге атамекенге қайтып оралып, ҚазМУ-дегі аяқталмай қалған оқуын қайта жалғастырып, 1965 жылы бітіріп шықты. «Қазақ әдебиеті» газетінде (1965–1967), «Жазушы» баспасында (1967–1976), Мемлекеттік баспалар комитетінде (1976–1981) жауапты қызметтер атқарған.

«Соңғы көш», «Бақыт жолында», «Атамекен», «Тағдыр», «Дарабоз» сынды романдар мен бірнеше әңгімелер жинағының авторы.

Қабдеш ағамыздың қазақ еліне сіңірген еңбегі біздің жадымызда сақтаулы. Өлшеулі өмір, шектеулі ғұмыр беретін тағдырға шара бар ма... Қазақ жазушысының жақындарына қайғырып көңіл айтамыз. Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа, иманы серік болсын.